Халық арасында Жаңа жыл мейрамын тойлауға қатысты сан алуан пікірлер көп. Әлем елдерінің асыға күтіп тойлайтын ең қызықты мейрамдарының бірі – жаңа жыл есігімізді қаққалы тұр. Өткен жылғы болған барлық оқиғаларға салауат айтып, баршамыздың жаңа жылдан жақсылық күтетініміз жасырын емес. Ендеше жаңа жыл мейрамын тойлау қазаққа қайдан келді? Асыл дінімізде мұсылмандардың бұл мейрамды тойлауына қалай қарайды? Бұл жөнінде исламтанушы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доктаранты Қайрат Құрманбаев тарқатады. -Әне-міне дегенше, жаңа 2015 жыл есігімізден кіргелі тұр. Елдің бәрі Жаңа жыл мерекесін асыға күтіп, оны барынша қызықты тойлауға тырысады. Жалпы, жаңа жыл жайлы айтып берсеңіз?
- Жаңа жыл – жалпы әлем халықтарының барлығында қалыптасып, қолданылып жүрген күнтізбе бойынша жаңа жылдың бастауы екендігін жоққа шығара алмаймыз. Адамзат тарихында жаңа жылдың күн мен түннің теңесуінен немесе күннің түнді ала бастаған күнінен келіп туындайтынын байқаймыз. Әрине, жаңа жылды қай халықтың алғаш мереке ретінде тойлағандығын дөп басып айту қиын. Кейбір деректер, осы күнді мереке ретінде атап өту үрдісі б.з.д. Ежелгі Месопатамиядан, кейбірі түркілерден бастау алғандығын айтқан. Ежелгі өркениеттердің өзегі діни наным-сенім болғандығын ескерсек, жаңа жыл да, кейбір халықтардың діни түсініктерімен астасқан. Христиандық келгенге дейінгі Русьте (орыс халқында) кейбір басқа халықтар секілді, көктемнің алғашқы күні жаңа жыл болып есептелген. Кейін көне өсиет жазбаларындағы деректерге сүйенсек, оны күздің алғашқы айының бірінші күніне ауыстырылып, I-Петрдің патшалығына дейін 1 қыркүйек жаңа жыл ретінде аталып өтілгенін білеміз. Кейін I-Петр 1700 жылдан бастап Еуропа елдерінде қалыптасқан үрдіске сай, жаңа жылды Иса пайғамбардың туған күнімен байланыстырып, 1- қаңтарға ауыстырды. Жалпы, желтоқсан айының отыз бірінен қаңтардың біріне қараған түнгі жаңа жыл мерекесінің Қазақ халқына келуі орыс отаршылдығымен байланысты. Әсіресе жаңа жыл мерекесін тойлау кеңестік дәуірде барынша насихатталды. Аллаға шүкір, елiмiз тәуелсiздiгiн алғалы, ұлттық төл мерекелерімiздің тойлануы, насихатталуы барынша жанданып келеді. Жалпы жаңа жыл мерекесін дінге апарып тіреп, өзге жұрттың мейрамы деп қарау дұрыс емес. -Шынын айтқанда, кейбір азаматтарымыз Жаңа жыл мейрамын тойлауға аса құлық танытпайды. «Кәпірлердің мейрамы» дейтіндер де жоқ емес. Бұл ретте ислам дінінде не дейді?
-Жаңа жыл – мұсылмандардың мерекесі болмаса да, бұл – мемлекеттік мереке. Біз зайырлы қоғамда өмір сүреміз. Біздің қоғамда жаңа жылға қатысты «кәпірлердің мейрамы», «оны тойлау харам» деген секілді сөздерді айту дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, дінімізде өзге дін өкілдеріне құрметпен қарауға, олардың діни ұстанымдарына төзімділік таныту Құран Кәрім аяттары мен пайғамбар хадистерінде анық, нақты айтылған. Пайғамбарымыз олармен, тіпті мүшіріктердің өзімен «(Жамандықты) ең жақсы нәрсемен қайтар. Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу жақын достай болады» (Фуссилат сүресі, 34) аятына сай өте көркем қарым-қатынас орнатқан еді. Ондай көріністерді пайғамбардың Мединаға қоныс аударғаннан кейінгі қабылдаған құжатынан да көруге болады. Яғни, өзге дін өкілдерінің құқықтарын айрықша қамтамасыз еткен болатын. Сол секілді, Құран Кәрімнің: «Аллаһ дін тұрғысында сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды» (Мумтахина сүресі, 8) аяты да көп мәселенің басын ашып отыр. Кейбір ғалымдар «Адамдарға жақсы сөз айтыңдар!», «Ақиқатында, Аллаһ әділдікті, жақсылық етуді бұйырады» деген секілді аяттарға негізделе отырып, адамгершілік тұрғысынан, көркем қарым-қатынас орнату мақсатында өзге дін өкілдерін мерекелерімен құттықтауды рұқсат еткен. Бірақ, шариғатымызға қайшы келетін сөздер айтылмауын шарт санаған. Оларды мерекелерімен құттықтау олардың діни ұстанымын қолдау яки олардың дінін қабылдауды білдірмейтіндігін айтқан. -Біздің білуімізше, кейбіреулер біздің мұсылман жамағатында тек екі ғана мейрам бар, «Идаль-адха – Құрбан айт» және «Идаль-фитр – Ораза айт». Және осыған қосымша әр аптада болатын мейрам – жұма дейді. Сонда қалған мейрамдарды тойлау дәстүрімізге жат па, мұндай мерекеде бір-бірін қуанту үшін сыйлық жасау да дұрыс емес пе? -Ислам дінінде екі айт және жұма күні мереке ретінде діни мәтіндерде бекітілген. Діни мерекелер құлшылық ғибадаттармен байланысты келеді. Мысалы: Ораза айты – бір ай ораза ұстағаннан кейін болса, құрбан айты – қажылық құлшылығымен байланысты. Екі айт та намазбен басталатындығы тағы бар. Жұма күнінің де жұма намазымен ерекшеленетіндігін білеміз. Дегенмен, исламдағы бұл мерекелердің діни болуымен қатар, олардың рухани, әлеуметтік астары бар екендігін естен шығармауымыз керек. «Бірде Әбу Бәкір айт кезінде пайғамбар үйінде Айша анамыз бен екі күңнің ән айтып жатқанын көріп оларды қайтарған кезде, пайғамбарымыз (с.а.с.) «Уа, Әбу Бәкір! Әрбір қауымның өз мерекесі бар, бұл біздің мейрамымыз» деген» (Бұхари, Муслим). Яғни, әрбір халықтың өзіндік ұлттық, отандық мерекесі, әрбір тұлғаның өмірінде орын алатын қуанышты жайттарына арналған мерекелері болуы заңдылық. Халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін хақ дінге қайшылығы жоқ мерекелерді шариғат шеңберінде аталып өтілуін дініміз тыйым салмаған. -Яғни, адамдардың мейрамда бір-біріне қуаныш сыйлап, туған-туыстарымен қарым-қатынас жасауы құпталады ғой? -Әрине, мерекелерде жиі орын алатын адамдарға күлімдеп қарау, көңілдеріне қуаныш сыйлау, туған-туыстармен қарым-қатынас жасау дінімізде құпталған, тіпті бұйырылған істерге жатады. Ал мерекелерде сыйлық беру немесе сыйлық алу адамдар арасында сыйластық пен сүйіспеншілікті арттырып, араларындағы кек пен дұшпандықты жоюға, қарым-қатынастарын жақсартып, араларындағы байланыстың нығаюына септігін тигізеді. Сыйлық жасау, сыйланған заттың қымбат-арзандығына қарамастан, шын көңілмен қабыл алу – пайғамбар (с.а.с.) сүннеті. Оған: «Пайғамбардың «... сирақ не бақай сыйға тартылса да міндетті түрде аламын»,– деген (әл-Бұхари, 2568); «Пайғамбарға (с.а.с.) Барира өзіне садақа ретінде берілген етті сыйлады. Сонда пайғамбар (с.а.с.): «Бұл ет оған (Барираға) – садақа, ал бізге – сыйлық»,– деп айтты», «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер» [Әл-Бұхари] – деген хадистері дәлел. Сілтеме kazislam порталынан алынды!