1) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған COVID-19 коронавирус жұқпалы дертін пандемия деп жариялауына байланысты әрі елімізде де бұл індеттің күн сайын өршуі себепті Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай енгізілді. Бұндай жағдайда көпшілік шоғырланатын жерлердің жабылатындығы анық айтылды.
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы да еліміздегі төтенше жағдайды ескеріп, дініміздің асыл мақсаттары мен шариғат негіздеріне сүйене отырып, еліміздегі мешіттерде жұма және жамағат намаздарын уақытша тоқтатуды ұйғарды. Сол секілді Сауд Арабиясы, Кувейт, Түркия, Йордания, Палестина, Марокко, Малайзия, Өзбекстан секілді бірқатар елдерде де жұма, жамағат намаздары тоқтатылды.
Ислам діні басшыға бағынуды міндеттейді. Оған:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ
«Уа, иман келтіргендер! Аллаға қалтқысыз бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бойсұныңдар» деген Құран аяты мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «...Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны» (Муслим), «Сендерге басшы болып эфиопиалық құл тағайындалса да, оған құлақ асып, толық бой ұсынындар» (әл-Бұхари) деген секілді сөздері жеткілікті.
Сондықтан әлемде екі жүз мыңнан астам адам дертке шалдығып, мыңдаған адам көз жұмып жатқан шақта мемлекеттің, ҚМДБ ның адам өмірін сақтау мақсатында шығарған шешіміне қарсы келу қисынсыз.
2) Исламда адам өмірі ерекше құнды әрі ол – Алланың бізге берген аманаты. Оны сақтау шариғаттың асыл мақсаттарының ең маңыздысы. Құран Кәрімдегі:
وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ
«Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» (Бақара» сүресі, 195-аят),
وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ
Өз-өздеріңді өлтірмеңдер (Ниса сүресі, 29) деген секілді аяттар оған анық айғақ болады. Адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы аурулардан сақтанбау өз-өзін қауіп-қатерге итермелегенмен тең.
Ислам шариғатында адам өмірін сақтау мақсатында тыйым салынған нәрселер рұқсат етілген (Бақара сүресі, 173; Әнғам сүресі, 119). Сол секілді рұқсат етілген нәрселердің де зәру жағдайларда тыйым салынуы мүмкін.
3) Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты:
لاَ يُورِدَنَّ مُمْرِضٌ عَلَى مُصِحٍ
«Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс» (Бухари, Муслим);
لا ضرر ولا ضرار
«Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» (Ибн Мәжә, әд-Дарақутни);
فِرَّ مِنْ الْمَجْذُومِ فِرَارَكَ مِنْ الْأَسَدِ
«Жұқпалы аурудан арыстаннан қашқандай қаш» (әл-Бұхари, Ахмад) деген.
Бұл хадистер адам ауруын жұқтыру арқылы өзгелерге зиянын тигізбеуге және ауру жұқтыру арқылы өз-өзіне зиян тигізбеуге бұйырады. Тіпті шариғат пияз, сарымсақ иісімен де мешітте басқаға зиян тигізбеуді, ондай күйде мешітке келмеуді құптайды.
Сол секілді пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا سَمِعْتُمْ بِهِ بِأَرْضٍ فَلاَ تَقْدَمُوا عَلَيْهِ، وَإِذَا وَقَعَ بِأَرْضٍ وَأَنْتُمْ بِهَا، فَلاَ تَخْرُجُوا فِرَارًا مِنْهُ
«Қандай да бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Тұрған жерлеріңде тараған болса, ол жерден шықпаңдар» (Бұхари, Муслим) деген. Бұл хадисте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы індеттің таралып кетпеуіне баса көңіл бөлгенін аңғарамыз.
Намаздарды көпшілікпен оқудың немесе жамағатпен оқылатын намаздардың уақытша тоқтатылуы аталған хадистерге сай жүзеге асуда.
4) Ислам шариғатында:
درء المفاسد مقدم على جلب المصالح
«Пайдалы нәрсені алудан, зиянды нәрседен сақтану бірінші тұрады»;
المشقة تجلب التيسير
«Қиындық жеңілдікті талап етеді» деген секілді қағидалар, зиянды нәрсе мен пайдалы, сауапты іс қатар келген кезде, бірінші кезекте зияннан сақтанудың қажеттігін және шариғат адамға зияны тиетіндей жағдайларда, оны жеңілдетуге мүмкіндік беретіндігін білдіреді. Ауру, індет адамға қиындық, ауыртпашылық тудыратындығы сөзсіз. Бұндай жағдайда оның алдын алу жолдары арқылы жеңілдету қажет. Өйткені «Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпашылық қаламайды» (Бақара сүресі, 185).
Қазіргі таңда адамзат өміріне қауіп төндіріп тұрған індеттен сақтану бірінші кезекте тұруы түсінікті.
5) Жоғарыда аталған қағидаттарға сай шариғат қиын-қыстау уақыттар мен зәру жағдаяттарға арнайы үкімдер бекітеді. Оны сапардағы адамға берілетін кейбір жеңілдіктерден және адам өмірі, ақылы, мал-мүлкі мен ар-намысын сақтау мақсатындағы зәру жағдайлардағы арам нәрселердің белгілі бір деңгейде адал болуы секілді шариғат үкімдерінің өзгеруінен көруге болады.
Тіпті шариғат қатты суық күнде немесе жауын-шашын секілді ауа райының қолайсыздығы секілді төтенше жағдайларда мешітке бармауға рұқсат еткен. Егер ол адам өміріне қауіп төндіретіндей болса, баруға тыйым да салынары анық.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَبَّاسٍ، أَنَّهُ قَالَ لِمُؤَذِّنِهِ فِي يَوْمٍ مَطِيرٍ: "إِذَا قُلْتَ: أَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، أَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللهِ، فَلَا تَقُلْ: حَيَّ عَلَى الصَّلَاةِ، قُلْ: صَلُّوا فِي بُيُوتِكُمْ"، قَالَ: فَكَأَنَّ النَّاسَ اسْتَنْكَرُوا ذَاكَ، فَقَالَ: "أَتَعْجَبُونَ مِنْ ذَا؟!، قَدْ فَعَلَ ذَا مَنْ هُوَ خَيْرٌ مِنِّي، إِنَّ الْجُمُعَةَ عَزْمَةٌ، وَإِنِّي كَرِهْتُ أَنْ أُحْرِجَكُمْ، فَتَمْشُوا فِي الطِّينِ وَالدَّحْضِ"
Ибн Аббас жаңбырлы күні азаншыға: أَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، أَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللهِ (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі екендігіне куәлік етемін) деп айтқаннан кейін حَيَّ عَلَى الصَّلَاةِ (Намазға асығыңдар!) деп айтпай, оның орнына صَلُّوا فِي بُيُوتِكُمْ (Үйлеріңде намаз оқыңдар) деп айт» деген. Кейбір адамдар бұған наразылық танытқандай болды. Ол: Менің айтқан сөздеріме таң қалдыңдар ма? Алайда мұны менен де қайырлы адам жасаған еді (яғни, Алла елшісі). Әрине, жұма оқу – жақсы, бірақ мен сендерге қиындық туындатып, балшықпен жүргендеріңді қаламаймын» деген (әл-Бұхари, Муслим).
Хадисте Абдулла ибн Аббас ауа райының қолайсыздығы себепті адамдарға зиян тиюі мүмкін болғандықтан жұма намазды мешітте емес әркім өз үйінде бесін намазын оқығанды дұрыс деп тапты. Ол бұны Алла елшісінен көрген болатын. Яғни пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға зиян тиетіндей қолайсыз жағдайларда мешітке баруды құптамағандығын түсінеміз.
Хадистен әлемге мейірім ретінде жебірліген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға қиындық туындатпау мақсатында, ауа райының қолайсыздығы себепті жұма намазы уақытша тоқтатқандығын түсіндік. Ал адам өміріне анық қауіп төндіріп тұрған індеттің таралуынан сақтану үшін мешітке жиналуды уақытша тоқтату – қажеттілік.
6) Жұма намазы мен жамағат намаздарын уақытша тоқтату біздің елімізде ғана орын алып жатқан жайт емес. Бұл індет тараған барлық елдерде болып жатқан жағдай. Тіпті осы жағдайға байланысты Мекке мен Мәдинадағы екі харам мешітіне де кіруге тыйым салынғандығы белгілі.
Сондай-ақ Кувейт, Йордания, Палестина, Марокко, Түркия, Малайзия, Өзбекстан секілді бірқатар елдерде де жұма, жамағат намаздарын уақытша тоқтатылды. Әрбір елдің муфтилерінің пәтуалары мен үндеулері жарияланды.
Vice-Rector Nur-Mubarak university
DR.(PhD) Kairat Kurmanbayev (Facebook - парақшасынан алынды)