Әке-шешеңді қарттар үйіне тапсырудан асқан қасірет жоқ!
Әке-шешеңді қарттар үйіне тапсырудан асқан қасірет жоқ!

Ел аузында жүрген «Әке — асқар тау, ана — бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» деген даналық сөз босқа айтылмаса керек! Әкені бала қадірлемесе асқар таудың аласарғаны! Анасын ұлы аяламаса мөлдір бұлақтың суалғаны! Бабаның батасын қажет етпейтін, тобасыз тозған ұрпақ — құрақтың қурағаны! Бұдан асқан қасірет те жоқ шығар?!.

Бүгінгі күні көпшілік жастар бойында күш-қуаты саябырсыған әке-шешелерін жаппай қарттар үйіне тапсырып, үйде бірге тұрған күннің өзінде-ақ, ең төменгі қарым-қатынас бодауының куәгері болып жатқанымыз да рас. Тәуелсіздігімізді алғалы бері дәстүріміз бен асыл дініміздің қайта жандануына көп мехнат жұмсалғанымен, санаға сіңімді теледидар тәрбиесінің әсері басым тартты ма?! Бәлки, бұл да Жаратқанның даналығы болар?! 

Әрине, жақсылық пен жамандық әрдайым бірге жүретіні сөзсіз. Құдай Тағаланың Өзі пендесін жарата салысымен, оған екі жолды көрсетіп, оңды-солды қалауына мұрсат берді! 

Ендеше, санамызға салып, бір ой жүгіртіп көрелік! Бүгін де өркениет пен технология дамыған заман деп жатырмыз, иә, дұрыс, алайда, осы күнге жетпес бұрын, 14 ғасыр алдын, асыл дінімізді адамзатқа сыйға тартқан Хикмет Иесінің даналығын сезбейміз бе?! Өзімізден Елшісін тағайындап, осы пенденің шамасынан аспасын деген Хикмет Иесінің даналығын сезбейміз бе?! 

Мұны тек саналы адам түсінсе керек! Неге?! Көп жағдайда адамның - адами сипатынан безген күйінде кездестіріп жатамыз. Неге десеңіз - Әке-шешесін қарттар үйіне тапсыру, тәкаппарлық, сорақы мінезді өтірікші т.б. сынды сипаттар адами сипатқа жатпайды. Тіпті, хайуандар да мұндай іске бармайды емес пе?! Ал, жарайды бара қойсын, барған күннің өзінде - ол хайуан ғой, деп тоқтау салуға болады! Ал, адамға мұндай іс жараса ма?! Ең бастысы адам - адам болу керек! Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 13 жыл бойы намаз, ораза, зекет, қажылыққа шақырмай, алдымен адамның - адам болуына шақырды емес пе?! Ал, адам болу деген сөз - Құдайыңды лайықты деңгейде тану! Ал, Құдайды таныған адам - нағыз адам! Өйткені, адам - хайуандыққа, надандыққа бой бермейді. Өйткені, ол - адам емес пе!

Құдайды таныған - "Адам" болса, онда неге мұндай істерге барып жатырмыз деген сұраққа тап боламыз?!  Мұның жауабы - "баланс" болмақ! Яғни, тепе-теңдік болса керек. Құс ұясында көргенін, ұшқанда іледі демекші, бәлки дұрыс тәлім-тәрбие бере алмаған ата-ананың өзі кінәлі болар?! Ибалы тәрбиені әлбетте құдайды таныған адам ғана берсе керек! Ұрпаққа тәрбие, өгене қалдыру үшін алдымен өзіңды рухани байытқан дұрыс шығар?! Сондықтан да бойыңда әлің барда өзіңді қолға алған дұрыстың дұрысы болар!

Осы орайда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) саңлақ сахабараның ғұмырынан бір мысал келтірсек артық болмас. Хазреті Омардың (р.а.) халифалығы тұсында бір кісі оған баласын ертіп келіп: «Уа, Мүміндердің Әміршісі! Мынау — менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді», — деп шағымданады. Омар (р.а.) балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» — деп ұрсады. Сонда әлгі бала еш қаймықпай: «Мырзам, айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы? Ал, баланың ақысы жоқ па?» — деп сұрайды. Омар (р.а.): «Иә, ата-анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Алланың кітабы Құранды үйретуі керек!», - деп, ретімен баяндап береді. 

Мұны естіген балақай: «Уа, Мүміндердің Әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындағаны жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді», — деп зарлап қоя бергенде Омар (р.а.) баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Әсілінде, сен оған қиянат жасағансың. Бұл қателік алдымен өзіңнен кеткен. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап!», — деп шығарып салған екен!

Бұл оқиға - бүкіл адамзатқа ғибрат болмақ! Сондықтан ештен кеш демекші, бүгіннен бастап әлің барда өзіңді қолға ал! 

С. Тәжібаев

HUSAMUDDINHUSAMUDDIN
9 жыл бұрын 5789
1 пікір
Блог туралы
0
39061 39 101 1581 46