ШЕКТЕН ШЫҚҚАНДАРҒА ШАРА БАР МА?
ШЕКТЕН ШЫҚҚАНДАРҒА ШАРА БАР МА?

Бүгіндегі Псевдо-Салафизм идеологиясының еларасында іріткі салып, мешіт имамдары мен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына таққан жалаларына байланысты Исламтану ғылымдарының докторы Қайрат Құрманбаев:

"Құран мен сүннеттен бастау алған, салиқалы сәләфтардан бері миллиондаған (күнімізге дейін миллиардтаған) мұсылманның ұстанымын, қазақтың діни тәжрибесін, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бағыт-бағдарын, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік заңының преамбуласында айшықталған ханафилік бағытты ашықтан-ашық мансұқтаған, ел тыныштығын ойлаған мұсылманға оқ атып, әлмисақтан мұсылманмын деген дүйім жұртты күпірлікпен, адасушылықпен айыптап, қиын қыстау кезеңді еңсеріп етек-жеңін енді жиып келе жатқан елге Алланың сыйы болған санаулы оқыған азаматтарға көпе-көрнеу жала жауып, оларды қаралап отырғандарға заңмен тыйым салынбаса, басқа не істеуіміз керек? 
Азшылықты құрап отырса да елдің шырқын бұзып, бірнеше мәрте жазықсыз адамдардың өлімімен аяқталған бүліктер ұйымдастырғанын көз көрді (қатары көбейсе не боларын бір Алла біледі), жазықсыз жандардың өліп жатқан суретін көріп «Ма шаа Алла» деп риза болып отырғанын құлақ естіді, еліміздегі жалғыз діни жоғары оқу орны мен онға жуық медреселерді мойындамай, теріске шығарып отырған танымал азаматтарды өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Солай бола тұра және кейбірінің шетін ұстанымын айқындайтын қолымызда аудио, видео жазбалары болса да ешкімнің атын атап айыптамай, әдептілік сақтап, алауыздықтың алдын алуға тырыстық. Ал олар еліміздегі дінге жауапты құрылымды мойындамақ түгілі ашықтан-ашық даттап, ондағы білімді азаматтардың атын атап, түсін түстеп сопы қылды, шиит қылды, басқа қылды, қысқасы білгенін істеп келеді.
Ел мен дін мүддесі жолындағы білімді санаулы азаматтарымызды, имамдарымызды даттап, кейбірін балағаттап, ел-жұрты құрметтеген имамдарға дауыс көтеру былай тұрсын, қол көтеріп жатқанда көпшілік неге үнсіз қалсын!? Айыптаймыз. Терістейміз. Ақиқатты айтамыз. Басқа қолдан келер шара бар ма? Әрине қол қусырып қарап отыруға болмайды. Дін аманатын келер ұрпаққа алғанымыздай табыстауымыз қажет. Заң қабылданбаса, қоғам болып, ұжым болып елімізді, дінімізді радикалды не радикалдануға бейім топтар мен тұлғалардан сақтаудың тиімді жолдарын, тетіктерін ойластыруымыз керек. 
Өкініштісі, дінді ғылыми бағытта зерттеп жүрген санаулы ғалым аға, бауырларымызды даттау арқылы ғылымға, исламды қайнарынан зерттеп жүрген бауырларымызды түрлі бағыт өкілі деп айыптау арқылы ғылымға да дінге де қарсылығын көрсетіп, дінді маңайындағы маманынан емес, шалғайдағы шетін бағыттағы тұлғалардан алып жүрген жастардың жағдайы жаныңды жабырқатады. Ал кейбір азаматтарымыздың елім жерім деп солардың сойылын соғып жүруі тіпті өкінішті. 
Ақиқат әрқашан жоғары тұрып, түбінде үстемдік ететіндігін, тарихта небір шектен шыққан топтардың өмірі ұзақ болмай құрдымға кеткендігін ескерсек, бұл қиындықтарды да еңсеретініміз анық! АЛЛА ҚАЛАСА!",-деп, өз ойын білдірді. 

Қ.Құрманбаевтың (Фб) парақшасынан алынды.

 

 

HUSAMUDDINHUSAMUDDIN
8 жыл бұрын 7650
0 пікір
Блог туралы
0
39061 39 101 1581 46